Журналист Гүлмира Әбіқай оқырман хатын жариялап, дабыл қақты.

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

”Кеш жарық, осы лудоманияға балдарымызды бесіктен шықпай жатып өзіміз тауелді қылып отырмыз. Оған себеп қазір әр дүкеннің алдында 2-3 аппарат қойып қойған, QR-мен де төлеп, ойыншық алуға болады. Оны бір ұстағаннан ала алмай тағы аламын деп азартқа кіріп кетеді. Өзімнің сіңлімнің қызы 11 жасар 3000тг құртқан сондағысы әр алуы 300тг, азартқа кіріп кеткен. Ақшасы таусылмағанда тағы алар ма еді?! Сол ойыншық алатын аппараттарды заң бойынша тосқауыл қойып құртса екен. Сіз осы мәселені көтеріңізші үлкен өтініш. Балаларымыздың миын кішкентай кезден уламасын.

Әр дүкеннің алдында музыкасымен, түнде жалт-жұлт еткен жарығымен тұрады. Ішіне қазіргі хит ойыншықтарды салып қойған. 2-3 жасар баладан 15-16 жасар жасөспірімдерге дейін ойнап тұрады”, — деп жазба қалдырған оқырман.

Осыған байланысты журналист өз ойымен бөлісті.

”Осы хатты оқып селк ете түстім. Шынында да, баламмен дүкенге кірсек ең алдымен есік аузында айналшықтайды. Түсінбесе де тетігін айналдырсаң сағыз, доп түсетін автоматтарды қызық көріп басады. Ол аздай қазір жасөспірімдерге казино ойындар, бөбектерге Poker деген ойыншықтар пайда болыпты. Сырттай қарасаң, жәй ғана ішінде белгісіз драже кәмпиті бар ойыншық. Тетігін тартып қалсаң, астына бір-бір кәмпиттен домалайды. Бала мәз.

Ал, психологиялық тұрғыдан келсек, мұндай азарт ойыншықтар адамды сәби жастан құмарлыққа үйрету!

Құмар ойын СПИД-тан қауіпті қоғам дерті десек, ҚР Әділет министрлігі мен ҚР “Санитарлық-эпидемиологиялық сараптау” орталығы түбі құмарлыққа әкелудің алдын алып, ойыншықтан бастап қадағалау қажет”, — деп жазды журналист Гүлмира Әбіқай.