Мәжіліс депутаттары, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов , Мархабат Жайымбетов және Мұрат Ергешбаев өңірлерге жұмыс сапары барысында Қызылордаға барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Онда UEFA стандартына сай салынып жатқан стадион құрылысымен танысты және футболшылармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Мемлекет басшысы Бурабайда өткен "Ұлттық құрылтайда" футболға қатысты бірқатар нақты тапсырма бергенін атап өтті.
– Қызылорда облысы сол тапсырмалардың негізінде алғаш болып UEFA классификациясы бойынша ІІІ санаттағы, халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін жаңа стадион құрылысын бастап отыр. Қыркүйек айында осы стадионда үлкен ойын өтпек. Сондай-ақ облыс әкімдігінің ұстанымы бойынша "Қайсар" футбол командасы алғаш рет легионерлерсіз ойнап, отандық спортшыларға қолдау көрсетіп келеді. Футбол – көпшілікке арналған спорт. Сондықтан оны насихаттауға күш салуымыз қажет. Сонда ғана жастардың спортқа деген қызығушылығы артады, – деді М.Әбенов.
Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев стадионда кәсіби футболшылар ғана емес, қала тұрғындары, жастар мен балалардың спортпен шұғылдануына да толық мүмкіндік қарастырылғанын айтты. Мұнда бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика, таэквондо және фитнес залдары болады.
Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылған жаңа стадион – аймақ тарихындағы ең ауқымды спорттық нысандардың бірі. 11 мың орынға арналған. Қазіргі уақытта трибуналардың металл конструкциялары орнатылып, қабырғалар, ішкі бөлмелер мен сыртқы витраждар қаланған. Сонымен қатар футбол алаңын жабдықтау, ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Стадион маңында 238 орындық автотұрақ, 40 орындық VIP автотұрақ және автобусқа арналған 4 тұрақ қарастырылған.
Кездесу барысында футболшылар депутаттарға өзекті мәселелерді жеткізді. Соның бірі – легионерлерсіз ойнау кезінде туындайтын ұйымдастыру жұмыстарына қатысты қиындықтар. Бұл мәселелерді Мәжіліс депутаттары өз бақылауына алып, Парламентте көтеретінін айтты.