Израиль тарапы тұтқынға түскен палестиналықтарды қайтаруы тиіс.
ХАМАС Израильмен бітім туралы келіссөздер аясында тірі қалған барлық тұтқынды – 10 адамды босатуға келісім берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты РБК агенттігіне сілтеме жасап.
Израильдің мәліметінше, он тұтқын тірі. Келісім аясында бұл адамдарды палестиналық тұтқындарға айырбастау көзделіп отыр.
"Біз 10 тұтқынды босатуға келісім бердік", – делінген ХАМАС мәлімдемесінде.
Бұдан бөлек ХАМАС 60 күндік уақытша бітім шеңберінде қаза тапқан 18 тұтқынның денесін беруге дайын екенін хабарлады.
Ұйымның хабарлауынша, келіссөздер кезінде шешімін таппаған мәселелер бар. Бұл гуманитарлық көмектің жеткізілуіне, Израиль әскерінің Газадан шығарылуына және атысты толық тоқтатуға кепілдік беруге қатысты.
Келіссөздерде АҚШ ұсынған 60 күндік уақытша бітім жобасы талқыланып жатыр. Оған сәйкес, ХАМАС шабуылды тоқтатқан алғашқы күндері тірі қалған 10 израильдік тұтқынды босатып, тағы 18 адамның мәйітін беруі тиіс. Ал Израиль тарапы 120-дан астам палестиналық тұтқынды босатуы тиіс екені айтылған.
Бұдан бөлек 60 күн ішінде тараптар атысты толық тоқтату жөнінде келісімге келуі керек.