Көкшетау – Зеренді бағытында үш жолақты жол салынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Бұл елімізде алғаш рет қолға алынған бірегей жоба. Оған ел қазынасынан 7 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде облыс орталығы мен курортты аймақтың арасындағы 47 шақырым жол толығымен жөнделіп кеңейтіледі.
Зеренді ауданы облыс орталығынан шамамен 50 шақырым жерде орналасқан. Бірақ курортты аймаққа жету қиын. Оған көліктің көптігі мен жолдың тарлығы себеп. Қазір бұл мәселе шешімін тапты.
Данияр Садықов, Зеренді ауылының тұрғыны:
- Бұрын жолымыз өте тар болатын. Салдарынан жиі жол-көлік оқиғалары тіркелетін. Курортты аймақ болған соң бізге туристер көп келеді. Қазір, міне, жолымызды жөндеп, кеңейтіп жатыр. Ең бастысы сапалы әрі уақытында аяқтаса болғаны.
Құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Осы уақыт аралығында жолдың 20 шақырымы кеңейтіліп, 17 шақырымына асфальт төселді. Бұл жұмысқа 40 техника мен 70 адам жұмылдырылған.
Мұқан Әбішов, мердігер:
- Қазіргі уақытта асфальт төсеп жатырмыз. Оның қалындығы 14 сантиметр болады. Курортты аймақ болғандықтан, көлік көп қатынайды. Сондықтан жұмыстарды сапалы орындауға тырысып жатырмыз.
Дарын Әрінов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:
- 47 шақырымның қазіргі таңда 17 шақырымына астыңғы қабат асфальт төселді. Үстіңгі қабат 15 шақырым асфальт төселді. Жұмыстың бір 30-40% бітті.
Жолдың сапасы да басты назарда. Мамандар зертханалық сынамалар алып, тексеріп отырады.
Талғат Қайратхан, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы филиалының директоры:
- 11 инспекциялық шығу жүргізілді. 62 сынама алынды. Зертханалық талдау жүргізілді. Барлық сынамалар талапқа сәйкес келеді. Бұдан басқа 10 ақау бар. Қазіргі уақытта сол 10 ақауды анықтау мақсатында жұмыстар жалғасып жатыр.
Құрылыс жұмыстары жыл соңында аяқталады. Сондай-ақ жол бойында түрлі демалыс алаңдары салынып, көшелерге жарық та тартылмақ. Жалпы биыл облыс бойынша 500 мың шақырым жол жөндеуден өтеді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко