Ақмолалық шаруалар қысқы мал азығын дайындауға кірісті.

Бүгінге дейін олар 325 мың тонна шөп жинап үлгерді. Бұл азық әзірге аймақтағы мал басына жетпейді. Сондықтан қазір өңірде шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр.

Бурабайлық шаруа Болат Әбдірахманов бүгінде бас-аяғы 620 гектар алқапты игеріп отыр. Оның 300 гектарына егін сепсе, қалғаны шабындық жер. Шаруа биыл олжалымыз дейді. Себебі алқаптағы шөп шүйгін. Әсіресе арнайы егілген шөптің шығымы жылдағыдан жақсы екенін айтады.

Болат Әбдірахманов, шаруа қожалығының басшысы:

- 244 гектар екпе шөбіміз бар. Соны орып, рулондармен үйіп аламыз. Содан кейін сүрлемге көшеміз. Сенаж орамыз 144 гектар. Сол сенажды бітіргесін тоғызыншы айдын басында кукуруза орамыз силосқа. Сол біздің малға бір жылға артығымен жетеді.

Шаруа қожалығында 30-ға жуық адам еңбек етеді. Оның дені жергілікті ауыл тұрғындары. Оларға мал азығы тегін беріледі, дейді қожалық басшысы. Сол себепті қызметкерлер де жұмысқа жауапкершілікпен қарап, қас қарайғанша жұмыс істеп жүр.

Юрий Павленко, механизатор:

- Ауа райы өте қолайлы болып тұр. Күніне шамамен 50-60 гектар алқапты шабамыз. Шөптің биылғы шығымы жақсы. Әзірге ешқандай қиындық жоқ.

Жалпы қазір аймақта шөп жинау науқанына мың жарым техника жұмылдырылған. Шаруаларға мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағада 2 мың тоннаға жуық жанар-жағармай да бөлінді.

Марал Жақыпова, ауыл шаруашылығы басқармасы бөлім басшысының м.а:

- Бізде былтырдан 550 мың тонна мал азығы қалды. Қазір шөп жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Шаруалар қолайлы күн райын барынша пайдаланып қалуға тырысып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 325 мың тонна мал азығы жиналды.

Ал мал азығының бағасы әзірге белгісіз. Нақты баға келер айдың соңында белгілі болады, дейді жауаптылар. Жалпы биыл аймақта 1,5 млн тонна шөп жинау жоспарланып отыр.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко