Жаңа пойызда туризмді дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңес өтті.
"Burabay Express" электр пойызының іске қосылуына орай, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов туристік және көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналған көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара Астана – Бурабай курорты бағыты бойынша жүретін пойыз бортында өтті. Кеңеске Көлік министрлігі, "KazakhTourism" АҚ және Туризм комитетінің өкілдері қатысты.
Кеңес барысында курорттық аймақтармен (Алакөл, Бурабай, Балқаш) теміржол қатынасын дамыту, вокзалдарды жаңғырту және қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Жолаушыларды тасымалдау үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, балаларға арналған жеңілдікпен жол жүру мүмкіндіктері отбасылық туризмді дамытуға жақсы алғышарттар жасайтыны атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша басқарма төрағасы жолаушылар пойыздарының басымды қозғалысын қамтамасыз етуді, кестеден ауытқуды жедел әрекет ету арқылы азайтуды, сондай-ақ туристік бағыттарды дамыту мен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беруді тапсырды.
Ел аумағындағы 125 вокзалдың жөндеу жұмыстарының барысы жеке қаралды. Жұмыстардың мерзімінде және сапалы орындалуының маңыздылығы ерекше атап өтілді.
"Burabay Express" жаңа буындағы пойыздарының іске қосылуы – ішкі туризмді дамыту және теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі стратегияның бір бөлігі.