Ғайни Алашбаева ұрланған ақшаны заңдастыруға жәрдем берген.
Прокурор Мәдина Оразалинаның пікірінше, Перизат Қайрат анасына қылмыстық схемада өте маңызды рөл жүктеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Ғ.Алашбаеваның қылмыстық рөлі ұрланған ақшаны орналастыру үшін өзінің банк шоттарын пайдалануға беру болды. Ол қайырымдылық жасаған азаматтарды алдау үшін Перизат Қайратқа көп көмектесті, – деді мемлекеттік айыптаушы.
Сот барысында прокурор Арман Кезекен Газа секторы тұрғындарына көмек көрсету мақсатындағы ақша жинау эпизодтын еске түсірді. Мемлекеттік айыптаушы олардың жаңа "қылмыстық схема" ойлап тапқанын да жасырмады.
– Әлеуметтік желілерде жұрттың аяушылық сезімін тудырып Перизат Қайрат Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстан зардап шеккендерге қайтарымсыз материалдық көмек көрсетуге қоғамды шақырған, – деді ол.
Арман Кезекен Ғайни Алашбаеваның қызы Перизат Қайраттың материалдық жағдайының күрт жақсаруын қаржы жымқырумен байланыстыруға күмән тудырмау жолында көп еңбек еткенін айтады.
Осыған дейін Перизат Қайрат пен анасының 3,5 миллиард теңгені қайда жұмсағанын жаздық.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат сотта бұрынғы "Nur Otan" (қазіргі Amanat) партиясы төрағасының орынбасары, Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбектен жауап алуды сұраған еді.