Жамбыл облысында қайтарылған активтер есебінен 15 ауылға ауыз су желісі тартылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Елді мекендерге таза су жеткізу үшін 6,2 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаражатқа су станциялары салынып, ауылішілік желілер жүргізілуде. Жамбыл ауданындағы Өрнек және Жұма ауылдары да биыл сумен қамтылады. Қос ауылдағы 3 мыңға жуық тұрғын тіршілік нәрінен таршылық көрген еді. Су станциясы қазан айында іске қосылады. Қазір құрылыстың 80%-тен астамы аяқталып тұр. Жалпы биыл облыста Президент тапсырмасына сәйкес ауылдарды 100% ауызсумен қамту жоспары бекітілді.

Ғалым Исақов, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:

- Ауылдар бойынша 98,1% ауызсумен қамтылған. Қалалар бойынша – 98%. Бүгінгі күнге 343 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етілген. Бізде 24 елді мекен қалып отыр. 24 елді мекеннің 20-ында су жүйесін жүргізу, 4-еуінде кешенді блок модульдерін орнату. Аталған жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.