Чилиде әлемдегі ірі астрономиялық обсерваториялардың жартысынан көбі орналасқан . Себебі Атакама шөлінің атмосферасы ерекше, деп хабарлайды 24kz.
Мұнда кейбір обсерваторияларды турист ретінде көруге болады. Мысалы әлемдегі ең үлкен телескоптардың бірі орналасқан Параналь тауындағы ғылыми нысанда әуесқой астрономдар, ғарыш нысандарын бақылай алады. Қазақстанда астротуризм бағытын дамытуға бола ма?
Әлемдегі ең ірі әрі ең қымбат ғылыми нысандардың бірі теңіз деңгейінен 2640 метр биіктікте орналасқан Серро-Параналь тауында орналасқан. Мұнда астрофизик-ғалымдар жұлдызды аспанды бақылап келе жатқандарына ширек ғасырдан асты. Еуропалық оңтүстік обсерваторияның басты ғылыми құралы – VLT құрылғысы. Бұл жүйе алты оптикалық құралдан тұратын, жер бетіндегі ең үлкен телескоп.
Франсиска Муньос, Обсерваторияның экскурсия маманы:
- Осы телескоптың көмегімен біз M-87 галактикасындағы аса ірі қара құрдымды бақыладық. Мұнда алғаш рет басқа жұлдыздық жүйедегі планетаның спектрі алынды. Сонымен қатар, сол планетаның массасы да өлшенді. Жұлдызаралық астероидты бақылау да осы жерде жүзеге асты. Бұл телескопта іргелі астрофизика саласында көптеген маңызды жаңалықтар ашылды.
Параналь обсерваториясында әр сенбіде кез келген адамға арналған экскурсиялар өткізіледі. Чили үкіметі ғылымды насихаттау және елге туристерді тарту мақсатында мұндай тәжірибені белсенді қолдайды. Сонымен қатар, бұл – бюджетке табыс әкелетін маңызды көздердің бірі. Атакамада орналасқан Obstech обсерваториясында жүзден астам шағын телескоптар орнатылған. Олар арқылы әуесқой астрономдар ғарыш нысандарын бақылайды. Мамандардың пікірінше, мұндай тәжірибе Қазақстан үшін де өте пайдалы болар еді. Қазір елімізде астрономиялық хаб құрылып жатыр. Ол Іле Алатауының баурайында орналасқан Асы-Түрген обсерваториясында жұмыс істейтін болады.
Чилидегі тағы бір ерекше қызығушылық тудыратын орын – әйгілі Пасха аралы. Географиялық тұрғыдан бұл арал Полинезияға жатады және Тынық мұхитының шалғай бөлігінде орналасқан. Аралда «Рапа Нуи» ұлттық паркі жұмыс істейді. Сантьяго қаласынан мұнда күн сайын ұшақ қатынайды. Рапа Нуидің басты көрікті жері – ежелгі өркениеттен қалған базальттан жасалған әйгілі моаи мүсіндері. Аралда олардың саны шамамен мыңға жуық.
Мако Лахаро, Пасха аралының экскурсия маманы:
- Негізінен бізге Чилиден туристер келеді. Сондай-ақ көршілес елдерден – Аргентина мен Колумбиядан да қонақтар бар. АҚШ-тан келетін туристер көп. Қазақстан туралы естігенмін. Бұл – Орталық Азиядағы мемлекет. Сіздің еліңізден келетін қонақтарды қуана қарсы аламыз.
Жалпы, Чилидегі туристік бизнесте креатив басым әрі кәсібилік бірінші орында. Алайда, ең бастысы – туған жерге деген жанашырлық, табиғатты сақтау. Дәл осындай тәжірибе бүгінгі таңда Қазақстан үшін өте пайдалы болар еді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко