Алматының шетіндегі Бұрындай тас жолында МАЗ краны, №10 автобус және бірнеше жеңіл көлік соқтығысып, ірі жол апаты болды. Салдарынан 20-дан астам адам жарақат алды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Куәгерлердің айтуынша, бір сәтте кран жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, Mercedes пен Kia көлігін қағып, жол бойына шығарып жіберген. Сосын жүрісін жалғастырып, қарсы жолақта жолаушылар отырған автобуспен бетпе-бет соқтығысқан. Соққыдан автобус Subaru көлігіне соғылған. Жеңіл көлік айналып, автобустың артқы жағына қағылған.

Болжам бойынша, Mercedes көлігінде әйел бес баласымен бірге отырған. Олардың жағдайы әзірге белгісіз.

Соңғы мәліметтер бойынша, автобустың 20-дан астам жолаушысы медициналық көмекке жүгінген. Оқиға орнында жол полициясының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Олар оқиғаның барлық мән-жайын анықтауы керек.