Ел аумағындағы ақылы жолдар саны артып келеді . Алайда кей санаттағы жүргізушілер үшін бұл жолдар тегін екенін бірі білсе, бірі біле қоймайдыдеп жазады Egemen.kz.

Кімдер тегін жүруге құқылы?

ҚР «Автомобиль жолдары туралы» заңының 5-2-бабы, 1-тармағына сәйкес, белгілі бір көліктер мен азаматтар ақы төлемей жүре алады. Олардың қатарында:

Мемлекеттік және арнайы қызмет көліктері:

  • Жедел медициналық көмек көліктері;
  • Апаттық-құтқару қызметтерінің көліктері;
  • Құқық қорғау органдарының көліктері;
  • Көлік бақылау органдарының автокөліктері;
  • Арнайы мемлекеттік органдардың көліктері;
  • Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың көліктері.

Қоғамдық қызмет пен жол күтіміне арналған көліктер:

  • Халықаралық және республикалық маңызы бар төлемді жолдарды күтіп ұстаумен айналысатын ұлттық оператордың көліктері;
  • Белгілі бір төлемді учаскені күтіп ұстаумен айналысатын концессионердің көліктері;
  • Жануарлар әлемін қорғау, көбейту және пайдалану бойынша уәкілетті органның көліктері;
  • Қала маңындағы және төлемді жолға жақын елді мекендерді аудандық, облыстық орталықтармен, астанамен немесе республикалық маңызы бар қалалармен байланыстыратын тұрақты жолаушы және жүк тасымалы автобустары;
  • Төлемді жолға жақын орналасқан аудандардың ішінде қатынайтын және сол аймақтың әкімшілік-аумақтық бірлігінде тіркелген автобустар;
  • Су тосқауылдары мен темір жолдарды кесіп өту үшін төлемді жолдардың жақын жердегі жол айрықтарында жүретін жүк көліктері, дөңгелекті өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы және мелиорациялық машиналар;
  • Төлемді жолға жақын аудандарда тіркелген жеке және заңды тұлғалардың жеңіл автокөліктері, тек бір ауданның ішінде қатынау үшін.

Әлеуметтік санаттар:

Ұлы Отан соғысының ардагерлері – олардың жеке жеңіл автокөліктері де төлемнен босатылады.