Олар бұл жерге футбол алаңын салып беруді талап етіп отыр.
Ақтөбе қаласында Есет батыр ықшамауданының тұрғындары үйінің алдынан сауда үйінің салынуына қарсы шықты. Жергілікті халықтың айтуынша, дәл үйдің іргесінен екі қабатты нысан тұрғызылса, тыныс тарылып, жүріп-тұру қиындайды. Олар бұл жерге футбол алаңын салып беруді талап етіп отыр. Ашуға булыққан көпшілікті шенеуніктер сабырға шақырды. Олардың сөзінше, кәсіпкердің құрылыс жүргізуге қатысты барлық заңды құжаттары бар.
Құрылысы басталмай жатып дау тудырған жерге екі қабатты дүкен салынбақ. Бұл хабарды естіген Есет батыр ықшамауданының тұрғындары наразылық танытты. Олар сауда үйі тұрғызылса, тыныштық бұзылып, балалар асыр салып ойнайтын жалғыз алаңқайдан айырыламыз ба деп алаңдап отыр.
"Бір ай болды. Қарсылық танытып жатыр тұрғындардың барлығы. Мысалы, бұл балаларға да қауіпті. Бұл жерге әжетхана орнатамыз дейді, сауда үйін саламыз дейді. Негізі біз өзіміз балалардың қауіпсіздігі үшін осы жерді жаптырған едік көлік кірмейтіндей қылып. Бұл территория қазір тіпті автотұраққа дейін кетіп қалды", – деді Есет батыр ықшамауданының тұрғыны Айкен Әбдібекова.
Оқи отырыңыз: "15 мыңнан 50 мыңға дейін көтермек". Қызылордада аналар балабақшаның қымбаттауына наразылық білдірді
Көпқабатты үйде тұратындардың дені – көпбалалы отбасылар. Халықтың айтуынша, аула тар, көліктің кіріп-шығуы онсыз да қиын. Сондықтан тұрғындар құрылысқа жол бермеуге бекініп отыр.
"Біз, тұрғындар, Халыққа қызмет көрсету орталығына құжат тапсырдық. Сол кезде бұл 500 шаршы метр жер бізге тиесілі екені анықталды. Яғни осы үйдің тұрғындарына тиесілі. Сондықтан құрылыс тоқтатылып, жер бізге қайтарылуы керек. Біздің талабымыз – осы", – деді тұрғын Гүлдана Боранбайқызы.
Жиналған жұрт маңайда онсыз да дүкен мен дүңгіршектер жеткілікті екенін айтып, тағы бір сауда нысанының қажеті жоқ деп отыр. Ал қалалық құрылыс бөлімінің өкілдері аталған жер телімін бес жыл бұрын жеке тұлға аукцион арқылы жалға алғанын мәлімдеді. Сондықтан тұрғындарға сотқа жүгінуге кеңес беріп отыр.
"Тұрғындарға айтарымыз: егер бұл жер учаскесіне құрылыс салуға қарсы болса, тиісті талап-арызды сотқа жолдауға құқығы бар. Тек соттың шешімімен ғана ол жер қайтарылады. Ал жер қатынастары бөлімі өз қабылдаған шешімін сотқа арыздану арқылы қайтара алмайды", – деді Ақтөбе қаласы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Қуандық Тапаев.
Кәсіпкермен тілдесу мүмкін болмады. Ал тұрғындар наразылығын білдіріп, прокуратураға арыз түсірген. Егер мәселе шешілмесе, олар жоғары органдарға шағымдануға бекініп отыр.