Алматының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ірі жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, жол-көлік оқиғасы салдарынан 23 адам зардап шеккен.

"Төрт бала №2 балалар ауруханасына, жеті ересек адам №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Қаралып, қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, барлығы амбулаториялық ем алуға жіберілді", – деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасы.

Жол апатынан зардап шеккен тағы 12 адам Алматы көпсалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген. АККА баспасөз қызметі мәліметінше, барлық зардап шеккендер дәрігерлердің тексеруінен өткеннен кейін тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық ем алуға жіберілген. Пациенттердің жағдайы орташа ауыр және қанағаттанарлық деп бағаланған.

Еске салайық, жаппай жол апаты 14 шілдеде кешке Алатау ауданында болған. Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, МАЗ маркалы жүк көлігінің жүргізушісі Боралдай тасжолымен шығыс бағытта келе жатып, тізгінге ие бола алмай, Mercedes-Benz пен KIA көліктерімен соқтығысқан. Кейін қарсы жолаққа шығып, Yutong маркалы автобус пен Subaru көлігіне соғылған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!