Электронды еңбек биржасында 100 мыңнан астам вакансия бар.
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда жұмыс істеймін деп жүрген адамға жұмыс табылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер "Үкімет нақты табысты арттыру үшін қандай жұмыс істеп жатыр?" деп сұрады.
"Бұл мәселені шешу үшін экономиканы дамыту керек. Жаңа кәсіпорындар ашып, жұмыс орындар құру керек. Бұл осы бағытта кешенді шаралар қабылдап жатырмыз. Биылдың өзінде 190 жаңа ірі кәсіпорын ашылады. Оларға жұмыс күші керек болады. Сондықтан қазақстандықтар жаңа жоғары айлығы бар жұмыс орнына бара алады, өзінің өмір сүру деңгейін көтере алады. Мемлекеттің міндеті – әрбір адамға осындай мүмкіндікті беру. Әлеуметтік көмек тек қана жұмыс істей алмайтын, өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын адамдарға берілуі керек, беріледі де", – деді Премьер-министр.
Оның айтуынша, электронды еңбек биржасында 100 мыңнан астам вакансия бар.
"Кәсіпорындардың директорларымен сөйлессем, олар мамандар тапшы дейді. Инженерлер, IT мамандар таба алмайды, оларды шетелден әкелуге мәжбүр. Міне, осыны ойлау керек. Ал былай Қазақстанда жұмыс істеймін деп жүрген адамға жұмыс табылады", — деп атап өтті Олжас Бектенов.