Көрнекті дәрігер, ғалым, ұстаз және қоғам қайраткері Нина Каюпова өмірден өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Нина Каюпова – қазақ медицинасының даму тарихында өшпес із қалдырған тұлға. Ол еліміздегі қазіргі акушерлік-гинекологиялық қызметтің қалыптасуына елеулі үлес қосып, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының негізін қалағандардың бірі болды.
Нина Амировна медицина саласында жарты ғасырдан астам уақыт еңбек етті. Осы жылдар ішінде 30 мыңнан астам баланың өмірге келуіне себепкер болды. 25 ғылым докторын, 40 ғылым кандидатын тәрбиелеп шығарды. Ғылыми еңбектерінің қатарында 19 монография мен 400-ден астам мақала бар. Соңғы жылдары да белсенділігін жоғалтпай, жетекші ғылыми қызметкер әрі салалық журналдың бас редакторы ретінде жұмысын жалғастырды.
- С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ұжымы Нина Амировна Каюпованың дүниеден озуына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады. Нина Каюпова кәсіби біліктілігімен, терең парасатымен, биік адамгершілігімен, ұстаздық мейірімімен және елге деген адалдығымен есте қалады. Оның өмір жолы халыққа қалтқысыз қызмет етудің және шынайы берілгендіктің жарқын үлгісі, — делінген университет жазбасында.