Әлемдік теннис жұлдыздары Алматыда бас қоспақ .

Қазақстан теннисінің көшбасшысы, еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик оңтүстік астанада өтетін жылдың басты теннис оқиғасына қатысатынын ресми түрде растады. 11–19 қазан аралығында Алматыда өтетін Almaty Open ATP 250 турнирінде Бублик алғаш рет өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсетпек.

Қазақстан атынан халықаралық аренада атой салып жүрген Александр Бублик әлемдегі ең танымал теннисшілердің бірі. Ол ATP турнирлерінде бес рет чемпион атанған: Галле ATP 500 (2023, 2025), Монпелье ATP 250 (2022, 2024) және Антверпен ATP 250 (2024).

Бубликтің Алматыдағы дебюті — ел тарихындағы ең ауқымды турнирлердің бірінде қазақ жанкүйерлері алдында өнер көрсету мүмкіндігі ғана емес, елордадан тыс өңірде өтетін жоғары деңгейлі жарыстарға серпін беретін маңызды қадам.

Александр Бублик алдағы турнир жайлы былай дейді:

"Өз алаңымызда ойнау — әрқашан ерекше жауапкершілік. Бұл – күш береді, рухтандырады. Алматы кортына шығатын сәтті асыға күтіп жүрмін. Жанкүйерлерімізге жарқын ойын, жақсы нәтиже сыйлағым келеді. Өз еліңнің қолдауы – ең үлкен мотивация", — деді Бублик.

Осылайша, әлемдік теннистің жарық жұлдызы енді Алматыда жарқырамақ. Бұл қазақстандық жанкүйерлер үшін Бубликтің өнерін өз көзімен тамашалаудың бірегей мүмкіндігі.