Мамандар иістің көзін тапқан соң ғана нақты шара қолданылатынын айтады.

Алматы облысындағы Қоянқұс елдімекенінің тұрғындары ауылды жайлаған жағымсыз иіске шағымданып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жергілікті халықтың айтуынша, әсіресе кешкі уақытта ауа тым ауырлап, терезе ашудың өзі мұңға айналған. Бұлай жалғаса берсе, денсаулығымызға зияны тие ме деп алаңдаулы.

Терезе ашсаңыз, демалудың өзі қиын. Қоянқұс тұрғындары соңғы кездері ауылды қаптаған белгісіз иістен әбден шаршаған. Әсіресе түнгі мезгілде жағымсыз иіс қоюланып, үй ішін жайлап кететінін айтады.

Жегрілікті билік өкілдері де бұл жағдайдан хабардар. Тиісті шаралар қабылданып, қадамдар жасалып жатқанын айтады.

Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы қажет сынамалар жүргізілді деп отыр. Айтуынша, адам денсаулығына зиянды заттар анықталмаған.

"Іле ауданында алты бірдей өнеркәсіп нысаны бар. Иістің қайсысынан таралып жатқанын тап басып айту қиын. Алатау қаласының өздеріңізге белгілі, құрылғанына бір жылдан асты. Сол себепті біз жұмысқа енді кірісіп жатырмыз. Ал әлеуметтік желіде тараған лай шалшықтағы құрттары бар суға сынама жүргізілді. Одан адам денсаулығына зиянды заттар анықталмады", –деді Алатау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Сәкен Сахитов.

Мамандар иістің көзін тапқан соң ғана нақты шара қолданылатынын айтады. Ал Қоянқұс тұрғындары бұл мәселе ұзаққа созылып кетпесе екен деп тілейді.