« Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметіне сәйкес, 2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы 10 шілдеге дейін Қазақстаннан жаңа өнім астығының экспорты 9,3 млн тоннаны құрады.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл 2023–2024 жылдардағы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 58,4%-ға артық.
Экспорт көлемінің өсуі қазақстандық астықтың сыртқы нарықтарда жоғары сұранысқа ие екенін және жеткізу географиясын кеңейту мен логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді.
Экспорттың негізгі бағыттары: Өзбекстан – 3,4 млн тонна (+32,8%), Тәжікстан – 1,3 млн тонна (+45,8%), Ауғанстан – 309 мың тонна (+49,2%), Қырғызстан – 238 мың тонна (+96%), Иран – 974 мың тонна (17,5 есеге өскен), Әзербайжан – 713 мың тонна (118,8 есеге өскен).