Соңғы жылдары Қырғызстанның мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімге шаққанда 36,9% болды.
Аталған көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда азайған. Бұл туралы президент әкімшілігінің ақпараттық саясат қызметінің жетекшісі Дайырбек Орунбеков айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
2020 жылы мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 67,6%-ына тең болған. Бұдан бөлек бюджетте профицит байқалып отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша біріктірілген бюджет көлемі 688,5 млрд сомға жетті, бұл 2020 жылмен салыстырғанда шамамен үш есеге артық. Алдын ала есепке сәйкес, жыл соңына дейін ол 1 трлн сомнан асуы мүмкін.
Экономист Искендер Шаршеевтің сөзінше, соңғы жылдары Қырғызстан экономикасы айтарлықтай өсім көрсетіп келеді. 2024 жылы ЕАЭО аясындағы өсім 9% болды. Бұл – басқа елдерге қарағанда жоғары көрсеткіш.
"Қазір Қырғызстанның экономикасы дамып жатыр деп сеніммен айтуға болады. Біздің ел әлемдегі өсіп келе жатқан экономикалардың бірі. ЕАЭО-да біздің экономикалық өсім 9%-ға тең, бұл ең жоғары көрсеткіш. Халықаралық ұйымдардың бағалауына сәйкес, биыл осы көрсеткіш 10%-ға дейін жетуі мүмкін. Мәселен, Өзбекстан мен Қазақстанда өсім 5-7% болса, бізде 9%-дан жоғары. Біздің нарық инвесторлар үшін тартымды болып отыр, ал рейтингтік агенттіктер оң бағасын беріп жатыр", – деді сарапшы Искендер Шаршеев.
Оның айтуынша, былтыр елдің сыртқы қарызының 400-420 миллион доллары өтелді.
"Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, сыртқы қарыз ЖІӨ-нің 20%-ынан аспауы керек. Экономикалық өсім жалғасатын болса, болашақта біз осы деңгейге жете аламыз", – деді экономист.