Астанада Перизат Қайратқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін «BizBirgemiz» қорына қаржы аударып, зардап шеккендер жауап берді.
Сотта жауап алынған куәгердің бірі – Сәуле Қуандықова. Ол Астана қаласының тұрғыны. Оның сөзінше, 2024 жылы бір топ ата-ана жарнамаға иланып, қайырымдылық іс-шарасына үлес қосуды жөн көрген. Оның сөзінше, былтыр сәуір айында ата-аналар «Біз біргеміз Қазақстан» қорына 900 мың теңгеден астам қаржы аударған. Мақсат су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға қол ұшын созу еді. Алайда жиналған ақша мақсатсыз жұмсалғанын білген соң қаражатты қайтару үшін комитет өкілі сотқа жүгінуді жөн көрген. Жәбірленушілер қатарында отандық қаржы компаниясы директорының орынбасары да бар. Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі жарнаманың ықпалымен компания қорға 700 мың теңгеге жуық қаржы жіберген. Ал құрылыс саласына негізделген компаниялардың бірі Перизаттың қорына тіптен 200 миллион теңге көлемінде ақша аударған. Бұл жерде де компания қызметкерлері су тасқынына тап болған тұрғындарға көмектесуді мақсат еткен.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада «Біз біргеміз Қазақстан» қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот процесі өтіп жатыр. Күдіктілерге 3,5 миллиард теңге көлемінде қаржы жымқырды деген айып тағылып отыр.