Бүгін сот үкімі шықты.
Алматы қаласында әуежай қызметкерін кепілге алған айыпталушы Машрапбек Баратовқа үкім шықты, , деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Түрксіб аудандық сотында ер адамға қатысты сот үкімі оқылды. Машрапбек Баратов Қылмыстық Кодекстің 293-бабының 3-бөлігі (Бұзақылық), 261-бабының 2-бөлігі 4-тармағы (Кепілге алу) және 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша кінәлі деп танылды.
Сот ер адамға 10 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Күдіктінің бұрын басқа іс бойынша өтелмеген жазасы осы мерзімге қосылды. Осылайша Машрапбек Баратов 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кету керек, бұған дейін прокурор әуежай қызметкерін кепілге алған ер адамды 10,5 жылға соттауды сұрады. Алматы әуежайында қызды кепілге алған ер адамның кім екені белгілі болғанын жазған едік.
Қызды құтқарған адам әуежайдағы оқиға туралы айтып берді. Оқиға орнында болған Мұса Әбдірайым қаскүнемнен әуежай қызметкерін босатып, орнына өзін кепілдікке алуын сұраған. Желіде тараған бейнежазбада көрсетілгендей, Мұса Әбдірайым күдіктінің қолындағы пышағын тартып алған.