Оларға табысына қарамастан ай сайынғы жәрдемақы төленеді .
Алайда бірқатар БАҚ, ақпараттық топтар мен әлеуметтік желі парақшаларында қолданыстағы заңнамаға сәйкес 6 және одан да көп балалы отбасылар ғана көпбалалы отбасы болып саналады деген жалған ақпарат, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе бірге тұратын 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасына көпбалалы отбасы мәртебесі берілетінін хабарлайды.
Мұндай отбасыларға табысына қарамастан ай сайынғы жәрдемақы төленеді.
2025 жылы көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақының мөлшері баланың санына қарай сараланып есептеледі:
- 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
- 8 және одан да көп балаға – 4 АЕК немесе әр балаға 15 728 теңге төленеді.
Сонымен қатар, 6 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген, "Күміс алқа", "Алтын алқа" алқалары бар немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналарға мынадай мөлшерде ай сайынғы жәрдемақы төленеді:
- "Күміс алқа" алқасымен марапатталған – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
- "Алтын алқа" алқасымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталғандар – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
Азаматтардан тек ресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сенуін сұраймыз. Министрлік өкілдері жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке тартылатынын еске салады.