Еуропа одағы Ресейге қарсы санкциялардың пакетін бекітуге әзір.
Егер ол мақұлданса, Ресейдің мұнайы мен мұнай өнімдерін сатып алушылар мен тасымалдаушыларға қарсы шектеулер күшейеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сонымен қатар Қытай мен Беларусьте жұмыс істейтін ресейлік компаниялар мен банктерге қарсы санкция тіпті қатаңдатылады. Дегенмен Брюссельге мұндай құжатты қабылдау қиынға соғып отыр.
Өйткені осы одақтың мүшесі – Словакия билігі Ресей газынан толық бас тартуға наразылық білдіріп, кезекті санкция жобасын бірнеше айдан бері қолдамай отыр.
Жаңа санкциялардың мазмұны төмендегідей:
- Ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдауға қатысатын компаниялар мен банктерге шектеулер күшейтіледі;
- "Солтүстік ағын" газ құбырының барлық тармақтарын пайдалануға тыйым салынады;
- Ресейлік банктердің көбі SWIFT жүйесінен ажыратылады;
- Үшінші елдер арқылы санкцияларды айналып өтуге көмектесетін компаниялар мен банктерге де шектеулер енгізіледі;
- Ресей мұнайының шекті бағасы 60 доллардан 45 долларға төмендетілуі мүмкін.
ЕО Ресейге экономикалық қысымды күшейтіп, кемінде 30 күнге атысты тоқтатуға мәжбүрлеуді көздеп отыр.
"Ресей келіссөз үстеліне байыпты ұсыныспен келуі тиіс", – деді Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен.