Оқыс оқиға кеше Бұқар жырау мен Байзақов көшелерінің қиылысында түскі сағат 11 жарым шамасында болды .
Жарылыс болған аумақта мердігер компания жаңадан салынған газ құбырын жоғары қысыммен сынау жұмыстарын жүргізіп жатқан. Құбыр қатты қысымға шыдамай, жарылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ауа қысымының қатты болғаны соншалық, жолда кетіп бара жатқан көлік аударылып, жол жабыны қопарылып, тал құлаған. Қазір жарылыс болған аумақ қоршауға алынып, тексеру жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр.
"QazaqGaz Aimaq" АҚ мәліметінше, оқиға орта қысымды газ құбырын қайта жаңарту жұмыстары кезінде болған. "СантехКомплектГрупп" ЖШС мамандары бұған дейін салынған, бірақ пайдалануға берілмеген учаскелерді біріктірген екен.
– Қайта жаңарту жұмыстары 1972 жылы пайдалануға берілген ескі газ құбырының тозуына байланысты жүргізілді, – деп нақтылады компания өкілдері.
Мердігер ұйым келтірілген шығынның орнын толық өтеуге міндеттелді. "QazaqGaz Aimaq" компаниясы қалпына келтіру жұмыстары қысқа мерзімде толық аяқталатынына сендірді.
Жарылыстан зардап шеккен көлік жүргізушісі мен жанындағы жолаушы жарақат алды. Олар амбулаториялық ем қабылдап жатыр.