Ақмола облысында жантүршігерлік жол апатынан үш адам қаза болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қайғылы оқиғаға қатысты облыстық Полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 16 шілде күні «Екатеринбург – Алматы» автожолында болды.

«Chery» мен «Nissan Patrol» маркалы екі автокөлік соқтығысқан.

«Жол апатының салдарынан үш адам оқиға орнында қаза тапты, тағы төрт адам әртүрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Полиция департаменті мұндай оқиғалардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларға жылдамдық режимін сақтау, әсіресе көлік қозғалысы жиі болатын учаскелерде сақ болу және көлік құралдарының техникалық жай-күйін қадағалау қажеттігін ескертеді», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.