Имамоғлу кінәсін мойындаған жоқ.

Түркияда Ыстанбұл қаласының мэрі Экрем Имамоғлуға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.

Шенеунік 1 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.Экрем Имамоғлу мемлекеттік айыптаушыны қорлау және қорқыту әрекеттері үшін кінәлі деп танылды. Сот үкіміне сәйкес, шаһар басшысына саяси қызметпен айналысуға тыйым салынған жоқ. Оның адвокаттары үкімге шағым түсіретіндерін айтты. Имамоғлу кінәсін мойындаған жоқ.

"Мен ешкімді қорқытқан жоқпын", – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Сот отырысы Ыстанбұлдағы Силиври түрмесінде өтті.

"Мен сот жүйесін саяси қару ретінде пайдалануға қарсы күресіп келемін. Бұл ұлтты қорлау деген сөз", – деді Экрем Имамоғлу.

Ол сот шешімі саяси қысым негізінде қабылданды деп есептейді.

Саяси сарапшылардың айтуынша, Имамоғлу қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанның 2028 жылы өтетін сайлаудағы басты қарсыласы саналады. Экрем Имамоғлу 2019 жылдан бері Ыстанбұл қаласының мэрі қызметін атқарды. Қамауға алынғаннан кейін оның өкілеттігі уақытша тоқтатылды.

Айта кету керек, 19 наурыз күні жемқорлыққа қарсы операцияда Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоғлуды қамауға алу туралы шешім қабылданғанын жазғанбыз. Ыстанбұлда қала әкімі ұсталғаннан кейін шерулер өткізуге тыйым салынды.

Экрем Имамоғлу қызметінен уақытша шеттетілді. Қамауға алынған Ыстанбұл әкімі президенттік сайлауға ұсынылған болатын.