Қауымдастық бұл бастама көміртектік бейтараптыққа қол жеткізуге және SAF нарығының қарқынды дамуына жол ашатынына сенімді.
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы тұрақты авиаотын (SAF) нарығын дамыту мақсатында SAF Matchmaker атты жаңа цифрлық платформаны іске қосты. Бұл платформа әуе компаниялары мен SAF өндірушілерін байланыстырып, отын сатып алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Платформаның басты мақсаты – сұраныс пен ұсынысты сәйкестендіру арқылы тараптарға тікелей байланыс орнатуға жағдай жасау. Коммерциялық келіссөздер, соның ішінде баға мен төлем тәртібі, платформа аясынан тыс жүргізіледі.
SAF Matchmaker үш негізгі бағытта жұмыс істейді:
- Тиімділік – сатып алу үдерісін жедел әрі шығынсыз жүргізу;
- Байланыс – жеткізушілер мен әуе компаниялары арасында өзара әрекеттесуді орнату;
- Ашықтық – қолжетімді отын туралы толық ақпарат беру (көлемі, өндіріс орны, шикізат, экологиялық көрсеткіштер).
"2050 жылға дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу үшін қолжетімді, ашық, өтімді және тиімді SAF нарығын құру қажет. SAF Matchmaker платформасы – IATA тарапынан тұрақты авиаотынның толыққанды жұмыс істейтін нарығын қалыптастыру жолындағы тағы бір маңызды қадам. Бұл бастама әуе компаниялары тұрақты отын жеткізушілерін іздеу кезінде кездесетін шығындар мен қиындықтарды азайтып, SAF-тың енгізілуін жеделдетеді", – деді IATA-ның тұрақты даму жөніндегі аға вице-президенті және бас экономисті Мари Оуэнс Томсен.
IATA бұл бастама көміртектік бейтараптыққа қол жеткізуге және SAF нарығының қарқынды дамуына жол ашатынына сенімді. Платформа бір реттік сатып алуларға да, ұзақмерзімді келісімдерге де қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда ол тек әуе компаниялары мен SAF жеткізушілері үшін ашық, алайда болашақта басқа да мүдделі тараптар қатыса алады.
Оқи отырыңыз:
IATA әуе компанияларын авиаотынды үнемдеуге бағытталған бағдарламаға қатысуға шақырды
Әлемде бір әуе жолаушысынан бір сапарда 7 доллар ғана пайда түседі – IATA