Қазіргі уақытта алтынның бір грамы – шамамен 56 527 теңге.

Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі мәлімет келтірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ал осыдан тура бір апта бұрын, яғни 10 шілдеде аталған металдың құны 54 862 теңге болған еді.

Еске салайық, елімізде 2025 жылдың бірінші тоқсанында мыс, никель, көмір, алтын және сирек жер металдарының болжамды ресурсы бар 38 перспективалық учаске анықталған-ды.

Негізінен, Қазақстан алтын қоры бойынша әлемнің ТОП-20 елінің қатарына енеді. Соңғы 10 жылда мемлекетімізде құрамында алтыны бар кен өндіру 2,2 есеге артқан.

Дүниежүзілік алтын кеңесі 2025 жылдың бірінші тоқсанында алтынға жалпы сұраныс өткен жылмен салыстырғанда 1%-ға өсіп, 1206 тоннаны құрағаны туралы мәліметтер келтіреді. Бұл 2016 жылдан бері бірінші тоқсандағы ең жоғары көрсеткіш саналып отыр.

Орталық банктер бірінші тоқсанда 244 тонна алтын сатып алса, аталған көрсеткіш алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда аз болып тұр.

Сол себепті, алтын зергерлік бұйымдарға сұраныс та рекордтық бағалар жағдайында күрт төмендеген, олардың көлемі 2020 жылдан бері ең төменгі деңгейге жетті. Құндылық тұрғысынан қарағанда, алтын зергерлік бұйымдарға тұтынушылық шығындар бір жылмен салыстырғанда 9%-ға өсіп, 35 миллиард долларды құрады.

Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы Қазақстанда алтын бұйымдарының бағасы 8,3 пайызға өскені туралы айтады.