Жаңа оқу жылындағы бұл жаңашылдық – "Адал азамат" атты біртұтас бағдарламаның жүргізілуі.

Ол – бұған дейінгі "Біртұтас тәрбие" тұжырымдамасының жалғасы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шынтуайтына келгенде, мұның бәрі Мемлекет басшысының "Адал азамат – адал еңбек – адал табыс" идеологиялық қағидасымен үндеседі, соны жүзеге асырады.

Бағдарламаның үйлестірушісі Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА мәліметінше, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы 26 мамырдағы №123 бұйрығымен ресми түрде жаңа атауы бекітіліп отыр.

Бағдарламаның басты мақсаты – адал, еңбекқор, елжанды азаматтар тәрбиелеп шығару. Ол жалпыұлттық құндылықтарға негізделіп, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға да бағытталмақ.

Айта кетерлігі, бұл бағдарлама алғаш рет жекеменшік мектептер үшін де міндетті саналады. Аталған қадам тәрбие жұмысының бірізді стандартпен жүргізілуіне және барлық оқушы үшін тең орта қалыптастыруына мүмкіндік сыйлайды.

Барлық мектеп үшін бірыңғай визуалды стандарт – брендбук әзірленеді. Мектептің ішкі және сыртқы келбеті ұлттық тәрбиелік құндылықтар мен мәдениетті бейнелейтін ортаға айналады.

Тәрбие жұмысын жүзеге асыруда барлық тараптың өзара бірлесе қызмет атқаруына ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, мектептердегі тәрбие ісі мемлекеттік органдармен, құқық қорғау, денсаулық сақтау, қоғамдық даму саласындағы құрылымдармен етене байланыста болады.

Сондай-ақ, буллингтің, құқықбұзушылық пен балалар арасындағы қауіптің алдын алуға бағытталған жобалар да өз қызметін жалғастырады. Олар – "Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам", "Буллингтен қорған!", "Қауіпсіз қоғам".