Airlift Technology компаниясы Непалдың таулы аймақтарына дрон арқылы жүк жеткізу жобасын қолға алды.
Биыл наурыз-мамыр аралығында ұшқышсыз аппараттар Гималай тауындағы Эверестте орналасқан бірінші лагерге арқан, саты және оттегі баллондарын жеткізді. Қайтар жолда оларға тауда жиналған қалдықтар артылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Мұндай жолмен 6 мың метр биіктіктен жылына шамамен 1 тонна қоқысты тасымалдауға болады", – дейді мамандар.
Бастама жергілікті билік құрылымдары мен халықаралық ұйымдардың қолдауымен жүзеге асқан. Альпинистер ауыр жүктерді арқаламай, дрондарға салып уақыт үнемдейді.
Мамандардың бағалауынша, Эверест аумағында жиналған тұрмыстық қалдықтардың көлемі шамамен 50 тоннаға жетеді. Қоқыстың көп бөлігі – пайдаланылған оттегі баллондары мен азық-түлік орамалары.