Алматы облысының әкімдігі "Бағанашыл" балалар үйіне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Таратылған ресми мәліметке сәйкес, Алматыдағы "Бағанашыл" балалар үйі Алматы облысының меншігінде және ұзақ уақыт бойы облыстық құрылымдардың басқаруында болған. Ғимарат апатты деп танылғанына байланысты жер телімін Алматы қаласының балансына беру туралы шешім қабылданған.

"2020 жылы "БиС Проект" ЖШС жасаған қорытындыға сәйкес, ғимаратқа күрделі жөндеу қажет болған. Алайда оны қалпына келтіруге қаражат бөлінбеді. 2024 жылы "Астанақұрылыссервис" ЖШС жүргізген жаңа тексеріс нысанның толықтай пайдалану үшін жарамсыз екенін растады. Сонымен қатар, сейсмикалық аймаққа қатысты қауіптер де анықталды", – деп хабарлады әкімдік.

Облыс әкімінің қаулысы мен Білім басқармасының бұйрығына сәйкес, балалар үйінің тәрбиеленушілерін кезең-кезеңімен Қонаевтағы жаңа балалар үйіне көшіру жоспарланып отыр. Әкімдіктің мәліметінше, 180 орындық заманауи жаңа ғимарат жеке инвестициялар есебінен салынып, мемлекет меншігіне берілген.

"Ол барлық нормативке сай және балалардың тұруына, оқуы мен дамуына қажет жағдайлармен толық жабдықталған", – деді әкімдік өкілдері.

Әкімдік өкілдері қабылданып жатқан шаралар балалардың қауіпсіздігіне, сапалы білім алуына және қолдау көрсетуге бағытталғанын атап өтті.

Шенеуніктер мәліметінше, Балалар үйі тұрған жер теліміне жеке инвестордың тұрғын үй кешенін салу туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

"Бұл жер телімі Алматының коммуналдық меншігіне беріледі", – делінген хабарламада.

Не болды?

2025 жылғы наурызда №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері өз мекемесінің Алматыдан Қонаевқа көшіріліп жатқанын айтып шағымданды. Қоғам белсенділері Алматының элиталық аудандарының бірі – Бағанашылдағы қымбат жер телімі құрылыс компанияларының көзіне түсіп, олар тұрғын үй кешенін салғысы келеді деп мәлімдеді. Балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаевтағы жаңа ғимаратқа көшірмеуді сұрап, видеоүндеу жариялады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget