Ақназар Мүтәліпов Гиннестің рекордтар кітабына өтінім беруге дайындалып жатыр.

Ақназар Мүтәліпов Балқаш көлін бір жағалауынан екінші жағына дейін жүзіп өтіп, 20 шақырымдық қашықтықты 13 сағат ішінде тоқтамай бағындырды. Бұл ерекше жетістікке 27 жастағы спортшы бір қолы мен бір аяғы ғана бола тұра қол жеткізді.

2018 жылға дейін ол теміржол саласында еңбек еткен. Алайда өндірістегі ауыр оқиға салдарынан мүгедектікке ұшырап, өмірін түбегейлі өзгертуге мәжбүр болды. Бала кезінен суда жүзуге әуес болғанымен, кәсіби спортқа бет бұру жоспары болмаған. Бірақ жарақаттан кейін Балқаш көліне келіп, қайтадан жүзуді бастайды.

– Балқашты тоқтаусыз жүзіп өттім. 20 шақырым. Бұл – өзіме және бүкіл әлемге мүмкіндігі шектеулі адамның да шексіз межелерді бағындыра алатынын дәлелдеу еді. Менің мақсатым – тек жүзу ғана емес, адам рухының қандай қиындықты да еңсеруге қабілетті екенін көрсету, – деп жазды параспортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Алдағы уақытта Ақназар халықаралық аренада Қазақстанның атынан өнер көрсетуді мақсат етіп отыр.