Бала зорлаған Абай облысының тұрғыны өмір бойына бас бостандығынан айырылды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Абай облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жабық сот отырысында кәмелетке толмаған адамды азғындық жолға түсіру (ҚК 124-бабы 1-бөлігі), сондай-ақ жасөспірімге қатысты бірнеше мәрте жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері (ҚК 121-бабы 4-бөлігі) дерегі бойынша қылмыстық істі қарады.
Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылғы тамызда Жарма ауданының Чарск қаласында әйелінің 2016 жылы туған сіңілісіне тиіскен.
Сотта мемлекеттік айыптаушы ер адамды жасаған қылмыстарының жиынтығы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұрады.
Зардап шеккен кәмелетке толмаған қыздың заңды өкілі мемлекеттік айыптаушының ұстанымымен келісті.
Ер адам өзіне тағылған айыпты мойындамай, соттан өзін ақтауды сұрады.
Алайда оның қылмыс жасағаны қылмыстық іс материалдарымен дәлелденіп, сотта жан-жақты зерттелді.
Сот үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, жасаған қылмысының жиынтығы бойынша оған өмір бойына бас бостандығынан айыру және педагогикалық әрі кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!