Қазақстан құрамасы Францияның Палезо қаласында өткен физикадан халықаралық олимпиадада (International Physics Olympiad – IPhO-2025) жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы саны бес медаль иеленді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биылғы зияткерлік сайысқа 90 елден 400-ден астам үздік оқушы қатысқан. Қазақстандық оқушылар екі күміс және үш қола медаль жеңіп, халықаралық деңгейде тағы бір мәрте бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Марапат иегерлері:
- Әмірбек Азатбеков – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы (күміс);
- Бекасыл Елубай – Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы (күміс);
- Әмір Пшенбаев – Астана қаласындағы "Spectrum" халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы (қола);
- Нұргүл Егенбергенова – Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы (қола);
- Артур Ким – Астана қаласындағы "Spectrum" халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы (қола).
Ұлттық құраманың ғылыми жетекшілері – PhD докторы, Сулейман Демирель университетінің ассистент-профессоры Самат Мақсұтов және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев.
Айта кетейік, физикадан халықаралық олимпиада алғаш рет 1967 жылы өткізілген. Бұл – әлемдегі ең беделді пәндік жарыстардың бірі. Қазақстан бұл додаға 1997 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді және осы уақыт ішінде ұлттық құрама ондаған медаль жеңіп, жоғары ғылыми әлеуетін көрсетіп жүр.