47 жастағы Қаскелең тұрғыны өзін әкімдік қызметкерімін деп таныстырып, алаяқтық жасаған.

Алматы облысында Қаскелең қаласының тұрғынына сот үкімі шықты. Ол ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, ер адам өзін әкімдік қызметкері ретінде таныстырған. Осылайша азаматтарға жағдайы төмен отбасыларға арналған мемлекеттік ипотекалық бағдарлама арқылы баспана рәсімдеуге көмектесемін деп уәде берген. Ол пәтерді төмен пайызбен екі-үш ай ішінде алып беремін деп сендірген.

Алаяқтық жолмен ол 47 азаматтың ақшасын иемденген. Берген уәдесін орындамаған соң азаматтар полицияға шағым түсірген. Жалпы шығын көлемі 110 миллион теңгені құрады. Полиция ер адамның жоғары білімі бар екенін, алайда еш жерде жұмыс істемейтінін хабарлады.

Тергеу барысында жеткілікті дәлелдер жиналды. Сот ер адамды 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ ол жәбірленушілерге сотқа дейін қайтарылмаған 75 миллион теңгені өтеуге және сот шығындарын өтеуге міндеттелді.