Теннисші Александр Бублик Австрияның Кицбюэль қаласында өткен ATP 250 санатындағы турнир чемпионы атанды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, финалда Бублик әлемдік рейтингте 100-орында тұрған француз Артур Казоны 6:4, 6:3 есебімен жеңді.
Финалдағы жеңістен кейін Александр ATP Live рейтингінде 5 сатыға жоғарылап, 25-орынға көтерілді.
Бұл Бубликтің 2025 жылғы маусымдағы үшінші жеңісі және мансабындағы жетінші ATP титулы. Ол бұған дейін мына турнирлерде топ жарған:
- ATP 250 Монпелье (2022)
- ATP 500 Галле (2023)
- ATP 250 Антверпен (2023)
- ATP 250 Монпелье (2024)
- ATP 500 Галле (2025)
- ATP 250 Гштаад (2025)
Еске салайық, 20 шілдеде Александр Бублик Швейцарияның Гштаад қаласында өткен ATP 250 турнирінің чемпионы атанған еді.
Сонымен қатар, 17 жастағы қазақстандық теннисші Әмір Омарханов 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында ересектер арасындағы жекелей сында жеңіске жетті.
Ал Елена Рыбакина WTA-500 санатындағы Вашингтон турнирінің ширек финалында польшалық Магдалена Френхты жеңіп шықты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз