Кезекті чемпиондық атағының арқасында Бублик әлемдік рейтингте 25-сатыға бірақ көтерілді.
Александр Бублик Кицбюэль (Аустрия) ATP 250 турнирінің финалында әлемнің 100-ракеткасы, франциялық Артур Казомен чемпиондық атақты сарапқа салды. Бублик 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Соңғы бір айдан астам уақыт ішінде бұл – қазақстандық теннисші үшін ATP турнирлеріндегі үшінші чемпиондық атақ.
Естеріңізге сала кетейік, 20 шілдеде Александр Бублик Швейцарияның Гштад қаласында өткен ATP 250 санатындағы турнирде финалда аргентиналық Хуан Мануэль Серундолоны (№109) 6:4, 4:6, 6:3 есебімен жеңіп чемпион атанды.
Ал 20 маусымда Бублик Германияның Галле қаласында ATP 500 санатындағы турнирде топ жарды. Финалда ол ресейлік Даниил Медведевті 6:3, 7:6(4) есебімен ұтты.
Бұл жеңіс үшін Бублик 250 рейтингтік ұпай иеленіп, дүйсенбі күні әлемдік рейтингте 25-орынға көтеріледі.
Чемпиондық жарыс нәтижесінде Бублик қазір 11-орында. Маусым соңында жыл қорытындысы бойынша әлемнің үздік 8 теннисшісі Туринде өтетін финалдық турнирге жолдама алады.
Бублик дүйсенбі күні басталатын Торонто Masters турниріне қатыса алмайды. Дегенмен, Цинциннатидегі турнирде өнер көрсетеді.