Банктер неге кәсіпкерлерді несиелендіруге құлықсыз? Ұлттық банктің саясатында қандай кемшіліктер бар? Бұл туралы Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында экономист-сарапшы, ҚР Ұлттық банкінің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сарапшының айтуынша, Ұлттық банк бұл жағдайда ештеңе істей алмайды. Елдегі жеке банктердің құқықтары Конституциямен қорғалған.
"Олар бізге бағынышты емес. Тіпті Үкіметке де бағынышты емес. Олардың иелері тіпті бұрыннан Қазақстанда тұрмайды, шетелде тұратын азаматтар. Біздің мұндай мәселелер оларды қатты алаңдатпайды. Қазақтандағы банктар үшін банк жүйесі жақсы дамып тұр. Банктердің жұмысы нағыз табыстың астында жатқан сала. 2023 жылдың қорытындысында бактердің таза табысы 12 млрд доллар болды. Есептей беріңіз, бізде 21 ғана банк бар. Оның 75-80 пайызын 5 банк қана береді. Сол 5 банктің басшыларының қалтасына жылына кемінде миллиардтап кіріс кіріп отыр. Сондықтан олардың басшыларына Қазақстанның проблемасына несіне басы ауырады? Оларды мәжбүрлей алмаймыз. Олардың құқықтық дербестігі бар", — дейді Ғалым Байназаров.
Мұның жолы қандай?
Бізге банк саласында жаңа архитектура жасауымыз керек. Бізге бұл қалыпта қалуға болмайды. Президентке ұсынылған мәселелер ол жай ғана айтылған сөз емес қой. Бұл тапсырма ғой. Біз неге осы тапсырманы орындауға басымыз қатпайды? Кеше ғана Үкіметтің алқалы отырысында олардың баяндамасын тыңдадық. Олар қарап отыр деп айта алмамыз. Көп нәрселерді жасап жатыр. Бірақ осы қаржы жүйесімен жүре берсек нәтижеге қолымыз жете ме, жетпей ме, ол белгісіз. Біз фактіге сүйене айтуымыз керек. Біз 4-5 пайыздық өсімнен аса алмай отырмыз. Cодан аса алмай отырмыз. Бұл пайызды көрсеткішпен Президенттің айтқанын орындай алмаймыз. Кемінде 7-8 пайыз керек. Себебі, Президент бұл мәселені 2023 жылы айтты. Алдында 5 жыл уақыт бар еді, енді 2 жылы өтіп кетті. Бюджет пен Ұлттық банк саясатының арасында үлкен айырмашылық бар кезде біз жақсы нәтиже көрсете алмаймыз. Бюджеттің дамуы экономикаға берілетін ақшаны көбейтуге тырысады, ал Ұлттық банк инфляциямен күресу бағытында кәсіпкерлікке беретін несиенің жолын ашып, кеңейте алмай отыр, — деді ҚР Ұлттық банкінің тұңғыш төрағасы.