Маңғыстау облысында жол қозғалысы ережесін бірнеше рет бұзған жүргізуші ұсталды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өмірзақ ауылындағы өндірістік аймаққа жақын маңда полицей қызметкерлері DAV көлігін байқаған, оның жүрісі күдік тудырған.

Көлік жүргізушісі полицияның заңды талабына бағынбай, бойтасалауға тырысқан. Қуғын барысында жүргізуші бірнеше рет жол қозғалысы ережелерін бұзған.

"Жүргізуші Түркістан облысының тұрғыны екені, жүк тасымалдаумен айналысатыны және тиісті құжаттары бары анықталды. Алайда ол медициналық куәландырудан өтуден бас тартты. Ер адам мына құқықбұзушылықтар бойынша жауапкершілікке тартылды: полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау, маневр жасау ережелерін бұзу, қарсы бағыттағы жолаққа шығу, медициналық куәландырудан бас тарту (мас күйінде көлік жүргізуге теңестіріледі), жол белгілері мен таңбаларын сақтамау, жол апаты жағдайын жасау", — деп жазылған хабарламада.

Көлік арнайы тұраққа қойылып, іс сотқа жолданды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!