Еліміздің тас жолдарында автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылғаннан бері салмақ нормасын бұзу дерегі бойынша көлік жүргізушілеріне 12 есе жиі айыппұл салынған. Бұл туралы Көлік министрлігі ресми сайтында мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көлік министрлігі жүк автокөліктерінің салмағы мен габариттерін бақылауды толықтай цифрлық форматқа көшіру бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр.

Бүгінгі таңда елімізде күнделікті жүк тасымалдайтын 450 мыңнан астам жүк көлігі тіркелген.

Көлік министрлігі өкілдері ауыр жүк көліктері әсіресе рұқсат етілген салмақ нормалары бұзылған жағдайда, жол жамылғысының жай-күйіне айтарлықтай кері әсер ететінін атап өтті.

Жолдар мерзімінен бұрын тозып кетпес үшін және шамадан тыс жүктемелердің алдын алу мақсатында 2025 жылдың соңына дейін 220 автоматтандырылған өлшеу станциясын (АӨС) орнату жоспарланып отыр. Ведомстводағылардың айтуынша, бұл станциялар тәулік бойы жұмыс істеп, көлік құралдарының салмағы мен габариттерін үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді. Жүйе заңбұзушылықтарды автоматты түрде анықтап, әкімшілік хаттамаларды жіберуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта елімізде 59 АӨС орнатылған, олардың ішінде 30-ы республикалық маңызы бар жолдарда, 29-ы жергілікті маңызы бар жолдарда тұр.

Сонымен қатар өңірлерде тағы 95 станцияны орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетерлігі, құрылғы енгізілген сәттен, яғни былтырғы қыркүйектен бастап салмақ нормаларын бұзғаны үшін 3 284 хаттама жолданған, осылайша бұл көрсеткіш 12 есеге артты, бұл жаңа тәсілдің тиімділігін көрсетеді дейді мамандар.

Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып ауыр салмақты автокөліктерді бақылау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз