Алматы облысы Түймебаев ауылындағы құс етін өндіретін кәсіпорында техногендік өрт шықты. Бір адамның көз жұмғаны белгілі болды, деп хабарлайды облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 28 шілдеде Алматы облысы Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Түймебаев ауылында құс өнімдерін шығаратын кәсіпорын аумағындағы асхана өртке оранды.

Оқиға орнына Алматы облысы және Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары дереу аттанды.

"Алғашқы бөлімшелер келген кезде өрттің айтарлықтай аумақты шарпығаны белгілі болды. Барлау кезінде газ-түтіннен қорғау қызметінің бөлімшесі ер адамның денесін тапты", — дейді облыстық ТЖД өкілдері.

Шамамен 450 шаршы метр аумақтағы өрт толығымен сөндірілді. Өрт сөндірушілер өрттің жақын маңдағы ғимараттарға таралуының алдын алды.

Қазір өрттің шығу себептерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің тергеу басқармасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Өртті сөндіруге Алматы облысы және Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінен, №55065 әскери бөлімінен, аудандық полиция басқармасынан, жергілікті атқарушы органдардан, жедел жәрдем бригадасынан барлығы 42 адам мен 14 дана техника жұмылдырылды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз