"Астана — Бурабай курорты" бағыты бойынша қосымша электр пойызы іске қосылды, деп хабарлайды "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Туристер арасында танымал бағыттардың көлік қолжетімділігін арттыру және жолаушыларға жайлы жағдай жасау мақсатында "Жолаушылар тасымалы" АҚ "Астана-1 – Бурабай курорты" бағытында №6811/6812 қосымша қала маңы электр пойызын жолға шығарды", — делінген хабарламада.

ҚТЖ-ның мәліметінше, электр пойызы әр сәрсенбі сайын қатынайды. Пойыз Астанадан сағат 11:00-де шығып, 13:35-те Бурабай станциясына жетеді. Кері бағытта 14:15-те жолға шығып, 17:00-де Астанаға оралады.

Пойыз құрамында 4 вагон бар. Жолаушылар үшін 1, 2 және 3-сыныптағы қызмет көрсету түрлері қолжетімді. Вагондар кондиционерлермен, ауа тазарту жүйесімен, биоәжетханалармен, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы орындармен, ыңғайлы орындықтармен, велосипед қоятын орындармен және Vputi.kz медиапорталына қолжетімді тегін Wi-Fi желісімен жабдықталған.

Қала маңы бағытындағы жолаушылар пойызына билеттерді жөнелтуге 10 күн қалғанда сатып алуға болады. Билеттерді https://bilet.railways.kz сайтынан немесе "Жолаушылар тасымалы" АҚ билет кассаларынан комиссиясыз алуға болады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз