Кітаптың өзегінде – 1853 жылы Ақмешіт қамалына жасалған шабуыл туралы баяндау тұр. Сонымен қатар, кітапқа автордың екі мақаласы енген.
Amalbooks баспасы 2021 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан "Таза тарих" сериясының кезекті 16-шы кітабы жарық көрді. Бұл жоба тарихи мәліметтерге негізделген еңбектермен ерекшеленеді. Жабық таныстырылым кезінде баспагер Бақытжан Бұқарбай Алексей Макшеевтің "Путешествие по казахским степям и Туркестанскому краю" кітабының басылып шығу процесі мен құндылығы туралы баяндады.
Алексей Макшеевтің бұл еңбегі – XIX ғасырдағы қазақ даласы мен Түркістан өңірін зерттеуге арналған маңызды тарихи дереккөз. Генерал-лейтенант, әскери топограф ретінде ол 1848, 1851 және 1853 жылдары осы аймақтарға жасаған экспедициялары барысында көрген-білгенін егжей-тегжейлі сипаттайды. Еңбекте Ресей империясының шекаралық кеңістікті игеру үдерісі, әскери бекіністердің салынуы, әскерді жабдықтау, әскери жорықтар мен қазақ халқымен орнаған қарым-қатынас кеңінен қамтылған.

Кітаптың өзегінде – 1853 жылы Ақмешіт қамалына жасалған шабуыл туралы баяндау тұр. Макшеев бұл оқиғаның әскери мәнін ғана емес, оның Ресейдің Орта Азияға қарай жылжуы жолындағы стратегиялық маңызын да жанжақты сипаттайды. Сонымен қатар, еңбекте өңірдің географиясы, климаты, экономикасы мен этнографиясына қатысты құнды мәліметтер келтірілген.
Оқи отырыңыз: Бақытжан Бұқарбай: Тарихтағы ащы сәттерді қабылдағың келмеуі – олар болмады деген сөз емес
"Біз осы серия арқылы халқымыздың шынайы тарихын тануға үлес қосқымыз келеді. Әр кітаптың негізінде терең зерттеу мен нақты деректер жатыр. Бүгінге дейін 16 кітап жарық көрді. Жоспарымызда тағы 18 кітап бар. Егер елдің өткенін тереңірек түсінуге септігін тигізетін жаңа материалдар табылып жатса, басып шығаратын кітап саны бұдан көп болуы мүмкін", – деді баспа басшысы Бақытжан Бұқарбай.
Оның айтуынша, "Таза тарих" – тек кітап сериясы емес, бұл – тарихи сананы жаңғырту жолындағы маңызды қадам.
"Путешествие по казахским степям и Туркестанскому краю" кітабы әзірге 3 мың дана болып басылып шыққан.