Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Бақытжан Байжановтың рақымшылық жасау туралы өтініші бойынша сот шешім қабылдады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Степногорск қалалық соты ҚАЖ мекемесінің "ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңды қолданып, сотталған Б.-ның жазасын өтеу мерзімін қысқарту туралы ұсынысын қарады.
"Сот 2024 жылғы 13 мамырда Б.ҚР ҚК 432-бабы бойынша төрт жылға сотталғанын анықтады. Сот сотталған Б.-ға қатысты ұсынысты мынадай негіздер бойынша қанағаттандырды: ҚР ҚК 78-бабының 2-бөлігіне сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін. "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңға сәйкес негізгі жазаның өтелмеген бөлігінің мерзімі немесе мөлшері залал өтелген жағдайда не олар болмаған кезде ауыр қылмыстар бойынша үштен біріне қысқартылады", — деп жазылған сот хабарламасында.
Сот үкімімен Б.-дан өндіріп алынған мәжбүрлі төлем және іс жүргізу шығындары толық көлемде өтелген.
Сот қаулысымен Б.-ға жаза мерзімін қысқарту туралы ұсыныс қанағаттандырылған.
"ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңға сәйкес жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі үштен бірге қысқартылып, 1 жыл 4 ай 17 күнге бас бостандығынан айыру мерзімі түпкілікті белгіленді.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Байжанов биыл 9 шілдеде Степногорск аудандық сотына жүгінген болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!