Степногорск соты Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Бақытжан Байжановтың рақымшылық жасау туралы өтінішін қарады. Өтініш қанағаттандырылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Степногорск қалалық сотында "Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңды пайдалана отырып, сотталған адамның жазасын қысқарту туралы ҚАЖ мекемесінің ұсынысы қаралды.
Соттың анықтауынша, 2024 жылдың 13 мамырында ер адам Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылған.
Сот мынадай негіздер бойынша өтінішті қанағаттандырды:
- Қылмыстық кодекстің 78-бабының 2-бөлігіне сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдардың жазасы қысқартылуы мүмкін;
— "Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес залалы өтелген немесе ондай жағдай болмаса ауыр қылмыстар үшін негізгі жазаның өтелмеген бөлігінің мерзімдері немесе мөлшері үштен бірге қысқартылады. Сот үкімімен сотталғаннан өндіріп алынған мәжбүрлі төлем және процессуалдық шығындар толығымен өтеледі.
Сот шешімімен Қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің сотталғанның жазасын қысқарту туралы өтініші қанағаттандырылды.
"Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңына сәйкес, сотталғанның жазасының өтелмеген бөлігі 1/3 бөлігіне қысқартылып, соңғы өтеу мерзімі ретінде 1 жыл 4 ай 17 күн бас бостандығынан айыру белгіленді.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, биыл 4 маусымда мәжіліске "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" жобасы ұсынылды. Заң жобасы бойынша сотталғандардың кейбірін қылмыстық жауапкершіліктен босату көзделген.
19 маусымда Сенат Конституцияның 30 жылдығына орай сотталғандардың кейбіріне рақымшылық жасау туралы заңға дауыс берді. Рақымшылық 15 мың адамның тағдырын шешеді деп жоспарланып отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз