Полиция аталмыш жағдайға қатысты екі қылмыстық іс қозғады.

Қайғылы оқиға бүгін сағат 13.00 шамасында облыс орталығындағы Нұрмағамбетов көшесінің бойындағы көпқабатты үйде орын алған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

34 жасар әйел төртінші және бесінші қабат арасындағы терезеден алдымен екі баласын лақтырып, кейін өзі де секірген. Үшеуі де подъездің төбесіне құлаған. Бұл жайтқа куә болған тұрғын дереу жедел жәрдем қызметін шақырды. Медицина мамандары алты минутта жетіп, екі баланы облыстық балалар ауруханасына, анасын №1 қалалық ауруханаға жеткізді. Ал оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Бір анығы, оқиға болған сәтте пәтерде ешкім болмаған.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, екі баланың жағдайы ауыр.

"2024 жылы туған бала ми жарақатын алып, бас сүйегі сынған. Ішкі органдары да зақым алған. Қазір ес-түсін білмей жатыр. 2017 жылғы балада да жабық ми жарақаты, мидың шайқалуы, жамбас сүйегінің сынуы, ішкі құрылыстың аурулары бар. Екеуінің де жағдайы ауыр. Олар жансақтау бөлімінде ем қабылдауда", – деп хабарлады дәрігерлер.

Ал 34 жасар әйелдің тек қол-аяғы сынып, жабық ми жарақатын алған. Жансақтау бөлімінің жатқан келіншектің жағдайы ауыр деп бағаланғанымен, есін біледі.

Бұл уақытта жергілікті полиция аталмыш оқиғаға қатысты екі қылмыстық іс қозғады.

"Адамды өлтіруге әрекет жасау және өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары бойынга қылмыстық іс басталды. Оқиғаның себептері мен анық-қанығы тергеу барысында белгілі болады. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел мамандандырылған медициналық мекемеде есепте тұр", – деп мәлімдеді полицияның баспасөз қызметі.