Бұл шешім жоспардан тыс жүргізілген тексерістің нәтижесінде қабылданған.

Росавиация Иркутскідегі "Ангара" әуе компаниясының әуе кемелері мен олардың бөлшектеріне техникалық қызмет көрсетуге рұқсат беретін сертификатын жойды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Тексеруді Ространснадзор мен Росавиация мамандары бірлесіп жүргізген.

Ведомство мәліметінше, компания қызметінде бірқатар ереже бұзушылық анықталған. Атап айтқанда, кейбір құжаттар нақты жұмыстар орындалмаса да рәсімделген, ал қажетті құрал-жабдықтар мен техника қолданылмаған.

Росавиация бұл заңбұзушылықтар ұшу қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін мәлімдеді. "Ангара" өкілдері де анықталған деректермен келісті. Сонымен қатар, компания болашақта мұндай жағдайлардың алдын алуға кепіл бола алатын нақты шаралар ұсына алмаған.

Енді "Ангара" өз әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді тек тиісті сертификаты бар үшінші тарап ұйымдары арқылы жүргізуі тиіс.

Еске сала кетейік, 24 шілдеде "Ангара" компаниясына тиесілі Ан-24 ұшағы Амур облысындағы Тында қаласына қону кезінде екінші айналымға шығып, кейін байланысқа шықпай қалған. Ұшақ бортында 40-тан астам адам болған. Кейінірек әуе кемесінің қалдықтары Тындадан 16 шақырым жердегі таулы аумақтан табылды.

Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айтты.