Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында жазған.
Оның ескертуі Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевке бағытталып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Трамп оған "болмай қалған президент" деген айдар тағып, "аузыңа ие бол!" деп ескерту жасаған.
Трамп желідегі жазбасында Үндістан мен Ресейге қатысты да пікір білдірген.
– Үндістан Ресеймен не істесе де, мен ол туралы ойланғым келмейді. Екеуі бірігіп, өзінің "өлі" экономикасын одан әрі құрта ма, жоқ па, білмедім. Америкада Үндістанмен бизнес аз, олардың кедендік баждары әлемдегі ең жоғары деңгейде тұр. Сол секілді, Ресеймен де АҚШ-тың сауда-саттығы жоқтың қасы. Сондықтан, бәрін сол қалпында қалдырып, Ресейдің өзін "әлі де президентпін" деп ойлайтын жартылай экс-президенті Медведевке аузына ие болсын деуіміз керек. Ол өте қауіпті аймаққа аяқ басып барады! – деді Америка президенті.
Еске салайық, Дмитрий Медведев Х әлеуметтік желісінде Трамптың Украинадағы соғысқа қатысты қойған ультиматумына жауап қатқан еді.
– Трамп Ресейге ультиматум қойып отыр: 50 күн немесе 10... Бірақ, ол 2 нәрсені есте сақтауы керек. Ресей Израиль не Иран емес. Әрбір жаңа ультиматум – қауіп, соғысқа жақындау... Ресей мен Украина арасында емес, оның елімен... – деп жазған болатын Д.Медведев.