Астана қаласының алты стационарында медицина жұмыскерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы қызмет көрсететін күзет бекеттері ұйымдастырылды. Бұл туралы елорда әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Әкімдіктің мәліметінше, аталған шара пациенттермен бірге келетін адамдардың медициналық персоналға шабуыл жасау жағдайларының жиілеуіне байланысты қабылданған.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, күзетті ІІМ жүйесіне кіретін полиция департаменті жанындағы мамандандырылған күзет қызметінің мамандары қамтамасыз етеді.

"Медицина жұмыскерлерін құқықтық тұрғыдан қорғауды күшейту және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау мақсатында полиция департаментімен бірлесіп тәулік бойы күзет бекеттері ұйымдастырылды.

Полиция қызметкерлері оқыс оқиғалар жиі болатын қабылдау бөлмелерінде кезекшілік қызметін атқаратын болады.

Азаматтардың құқыққа қайшы келетін әрекеттері туындаған жағдайда полиция қызметкерлері олардың алдын алу үшін заң аясында әрекет етуге құқылы", — дейді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қадыр Жарасбаев.

Бүгінде күзет бекеттері ересектерге арналған үш қалалық көпсалалы ауруханада, №2 қалалық балалар ауруханасында және екі республикалық клиникада ұйымдастырылған.

Жақын арада полиция департаментімен бірлесіп №1 және №3 көпсалалы балалар ауруханаларында, сондай-ақ қалалық перинаталдық орталықта күзет бекеттерін қою мәселесі пысықталып жатыр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз