Ол өте агрессивті пікірлер қалдырған.

Сот тұрғынның бас бостандығын 1 жыл 6 ай мерзімге шектеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аудандық соттың шешімімен азамат К. лауазымды тұлғаға, оның кәсіби қызметіне байланысты қорлау және қоқан-лоққы көрсеткені үшін кінәлі деп танылған.

Сотта белгілі болғандай, айыпталушы билік өкіліне "адам өлтіремін, денсаулығына зиян келтіремін" деп қорқыту, лауазымды тұлғаны қорлау туралы пікірлерін жазған.

– Айыпталушы кінәсін мойындап, өкінетінін білдірді. Жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын жүректен мойындауы, асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуы және ауырлататын жағдайлардың жоқтығы ескеріліп, сот оған 1 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады, – делінген БҚО сотының хабарламасында.

Сотталушы барлық мерзімге жыл сайын 100 сағат көлемінде қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын өтеу мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді. Сондай-ақ, жәбірленушілерге 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 58 980 теңгені мәжбүрлі төлем ретінде өндіріліп отыр.

Үкім заңды күшіне енген.